Киікоты өсімдігінің тұнбасын асқазан мен ішек және кеңірдек ауруларын, сондай-ақ жатыр ауруын емдеуге пайдаланады. Алайда оны жүкті әйелдерге қолдануға болмайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көбіне бұл өсімдіктің тұнбасын жөтелге, етеккірді реттеуге пайдаланады. Мамандар киікотының тұнбасы тәбет ашуға көмектесетінін айтады. Сондай-ақ қақырық түсіріп, ас қорыту және қолқа бездерінің жұмысын жақсартады. Киікотынан дайындалған тұнба ревматизмді, құрысуды, жалпы қан тамырының соғысын реттейді. Киікотынан жасалған дәрілік майды дененің жансызданған бөлігіне, іш желденгенде жағып, сылайды. Айта кетейік, мұны емдік мақсатта қолданбас бұрын медицина мамандарынан кеңес алған жөн.
- Киікоты өсімдігінің құрамында тимол, карвакрол және терпендерден тұратын эфир майы бар. Киікоты шөбінде илік заттар мен аскорбин қышқылы болады. Оны гүлдеген кезде жинап, көлеңкеде кептіріп, қағаз қалтада сақтайды, - дейді Маңғыстау облысы табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары.
Киікоты – көп сабақты көп жылдық өсімдік. Сабағы 4 қырлы, жапырақтары сопақша, кезектесе бітеді. Биіктігі 30-80 см-ге жететін өсімдік маусым,тамыз айларында гүлдейді.