ҚР мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай өңірдің жас мемлекеттік қызметшілеріне «Менің кәсіби қалыптасуымдағы аға буын ықпалы» атты тренингі өтті. Тренигті тәлімгерлер кеңесінің мүшелері мен Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің психолог маманы Бимағанбетова Алтынгүл Кенжебекқызы өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған шарада тәлімгерлер кеңесінің мүшелері жас мамандарды
Ә.Кекілбай атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өлкенің қыр-сырымен және белгілі тұлғалардың өмірімен таныстырса, психолог маманы ұлттық сананы шыңдау бойынша дәріс өткізді.
Тренингке өңірдің 30-ға жуық мемлекеттік қызметшілері қатысып, білімін шыңдады.
Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасы бойынша «Тәлімгерлер кеңесі» консултативтік-кеңесі құрылған.
Тәлімгерлер кеңесінің міндеттері – мемлекеттік басқарудың сабақтастығы және институционалдық жадты көшіру, лауазымға тағайындалған басшылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және бейімдеуге жәрдемдесу, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілерге рухани-адамгершілік бағдарларды және құндылықтардың тұрақты жүйесін қалыптастыру. Кеңес мүшелері мен төрағасы – азаматтық ұстанымын берік ұстанған, үлкен өмірлік және кәсіби тәжірибесі бар, адамгершілік-патриоттық тәрбие беру саласында бірегей ресурсы бар мемлекеттік қызмет ардагерлері.