Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті, азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов суға түсуге тыйым салынған жерлерді атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Судағы қауіпсіздік жыл сайын қозғалатын өте өзекті тақырыптың бірі. Республика аумағында суға шомылу кезеңі 1 маусымнан басталады. Ал Маңғыстау облысының тұрғындары суға шомылуды бастап кетті. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес 10 суға түсуге тыйым салынған жер бекітілген.
Ақтау қаласында суға түсуге тыйым салынған орындар:
1. 4 шағынауданда орналасқан «Caspian Riviera Grand Palace» қонақ үйінен бастап 5 шағынаудандағы Тарас Шевченко ескерткішінен төмен түсу бағытына қарай жағалау аймағы;
2. Шора су каналы;
3. МАЭК ЖШС-нің су каналының жағалау аймағы;
Түпқараған ауданында суға түсуге тыйым салынған орындар:
1. Ақтау-Түпқараған тас жолының 43-інші шақырымы;
2. 64 шақырымдағы Голубая бухта;
3. 86 шақырымдағы Саура;
4. Форт-Шевченко қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Тамшалы жағалау аймағы;
Қарақия ауданы бойынша суға түсуге тыйым салынатын аймақтар:
1.Жыланды жерінен Кендірлі бағытына қарай;
2.Тоқмақ жерінен Кендірлі бағытына қарай жағалау аймағы;
Мұнайлы ауданындағы суға түсуге тыйым салынған жер:
1. Батыр ауылдық округінің солтүстік шығыс бағытындағы 7 шақырым қашықтықтағы кеніштер мен қалдықтар бар қауіпті көл аймағы.
Айта кетейік, тыйым салынған орындарда суға түскендерге әкімшілік айыппұл салынады.