Биыл Ақтауда жыл басталғаннан бері 1 адам суға батып кеткен. Бұл туралы МО Төтенше жағдайлар департаменті, азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бектас Мұратовтың айтуынша, Маңғыстауда кейінгі 5 жылда 58 адам суға батып, қайтыс болған. Оның 14-і кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Былтыр 13 адам суға кеткен. Оның бесеуі кәмелетке толмаған балалар.
- Бүгін аймақ басшысының қатысуымен суға шомылу маусымына қатысты комиссия отырысы өткізілді. Сол отырыста көптеген тапсырмалар берілді. Жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, суға шомылуға қатысты нақты қандай талаптар болатынын талқылайтын боламыз. Жағажайларда міндетті түрде құтқарушылар, құтқару бекеті, алғашқы медициналық көмек көрсететін қызметкер, суда қалытқы белгілері, ақпараттық тақтайшалар, дауыс зорайтқыш құралдары болуы қажет, - деді МО Төтенше жағдайлар департаменті, азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов.
Айта кетейік, суға түсуге тыйым салынған жерге шомылатындарға әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364-інші, 412 баптарына сәйкес шара қолданылады.
- 364 бап бойынша бірінші кезекте ескерту жасалады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан 1 жыл өткен соң тағы да тура сол жерге суға түскен азаматқа 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 412 бапқа келетін болсақ, жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, - деді Бектас Мұратов.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті суға түсу маусымында мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді:
1. Суға шомылу кезінде балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз;
2. Мас күйде суға шомылмаңыз;
3. Суға түсуге тыйым салынған, қауіпсіздік құралдарымен жабдықталмаған жерге шомылмаңыз;
4. Белгісіз жерлердегі биіктік пен катамаран, қайықтан секіруге болмайды. Секірген жағдайда құтқару кеудешесін киіңіз;
5. Теңізді ластамаңыз;