Маңғыстауда жергілікті атқарушы органдар, құтқарушылар және «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы су тасқыны туындаған жағдайда пайдаланылатын техниканы дайындап жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиевтің айтуынша, Маңғыстауда жалпыға ортақ пайдаланатын жолдың ұзындығы - 3 063 шақырым. Облыста 6 көпір және 840 су өткізгіш құбыр бар.
"Қазір су торабы тасқын суларды өткізуге толық дайын. Алайда Атырау облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр және кейбір жолдарды әлі су басып жатыр. Сондықтан біз Маңғыстау тұрғындарына осы бағытта жолға шықпаңыздар дегіміз келеді", - деді Адайбек Қалиев.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Қазыбек Мәмбетовтың айтуынша, әзірге республикалық маңызы бар жолдарда су тасқыны қаупі жоқ.
"Біз Атырау облысы мен Маңғыстау облысын байланыстыратын жолдың жағдайын мұқият қадағалап отырмыз. Апат бола қалса пайдаланатын үш мың текше метр құм, екі мыңға жуық қап және 14 бірлік техника дайындадық. Қауіп төнген жағдайда біз барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдаймыз", - деді Қазыбек Мәмбетов.
Бұған дейін хабарланғандай, Маңғыстау облысының басқа өңірлерден айырмашылығы мұнда өзен мен көлдер жоқ, сондықтан облыс аумағында су тасқынына қатысты жағдай тұрақты.