© 78.ru
Соңғы үш жылдағы статистика бойынша Маңғыстау облысында көпқабатты үй терезесінен 15 бала құлап, оның 1-еуі қайтыс болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Былтыр 10 маусым күні Ақтау қаласы 6 шағынаудандағы көп қабатты тұрғын үйдің 5 қабатынан құлап, 1 бала қаза тапқан болатын.
Көп жағдайда мұндай оқиғалар балаларды ата-аналар қараусыз және жалғыз үйде қалдыруынан болып отыр.
Қазіргі таңда балалардың жазғы демалыста болуы - балалардың жазатайым оқиғаларға ұшырау тәуекелділігінің жоғары болуына әкеледі.
Осыған орай балалардың қауіпсіздігін жіті назарда ұстау қажеттігін Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті ескертті.
- Балалардың терезеден құлауының алдын алу тақырыбында кеңейтілген үгіт – насихат жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 401 көп қабатты тұрғын үй, яғни 8102 пәтерге, 10325 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ата-аналарға балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алуға арналған қарапайым сақтық ережелерін сақтауды ескертеміз. Терезеге темір торды арнайы талаптарға сай орнату қажет, яғни өрт кезінде ғимараттан шығаруға оңай ашылатындай етіп қарастыру керек. Тор шыбықтарының арақашықтығы бала басы симайтындай болуы керек.
Іштен ашылатын немесе жылжымалы торларды балалардың ашпауы үшін, арнайы бекіткіштер орнату қажет.
Үйде балалар болған жағдайда, ешқашан терезені ашық қалдырмау керек. Балаларға сақтық шараларын ұдайы үйретіп, түсіндіріңіздер, - дейді Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Данияр Елшібаев.