© Фото: МО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы
Маңғыстау облысында шөлейт жердегі елді мекендерде құм көшкінін бөгеу үшін отырғызылған сексеуіл, жыңғыл көлемі үш мың гектардан асты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әсел Балманова мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде құмды бөгеу мақсатында арнайы көшеттерді отырғызу 2004 жылдан бері тұрақты отырғызылып келеді.
«Облыста елді мекендерді көшпелі құмнан қорғау мақсатында сексеуіл егу жұмыстары 2004 жылдан бері жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде, Сенек, Үштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарының айналасында 3329 гектар аумақты қамтыған оазис пайда болды. Былтырғы жылдың өзінде 26,81 гектар аумаққа 36 201 сексеуіл, 27 151 жүзгін және 27 151 жыңғыл ағаштары отырғызылды. Биыл Бейнеу ауданы Тәжен, Сыңғырлау, Сам, Тұрыш, Ақжігіт, Ақшымырау ауылдарында, Қарақия ауданы Сенек, Бостан ауылдарында, Маңғыстау ауданы Жармыш ауылында және Түпқараған ауданы Таушық ауылында құм көшкінін тоқтату үшін осы елді мекендердің айналасынан жасыл белдеу жасауға конкурс жарияланды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қошқар ата қалдықтар қоймасының айналасында да жасыл белдеу пайда болды. 2021 жылы басталған бұл жұмыстар 2027 жылға дейін жалғасады, - деді Әсел Аманбекқызы.
Басқарма басшысы өз сөзінде Маңғыстау облысында қоқыс қалдықтарына арналған полигон ашу туралы пікір білдірді.
«Маңғыстауда тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау үшін арнайы жобамен салынған жеті полигон және санитарлық талаптарға сай келмейтін 16 қоқыс төгу орны бар. Қазір сондай бейберекет қоқыс орындарын азайту мақсатында Боранқұл, Ақжігіт, Жыңғылды, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов елді мекендері үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды көму полигондарын салынбақ. Бүгінде сол полигондардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. 2021 жылы «ECSAD» ЖШС-не Ақтау қаласынан 52 шақырым жерден өндіріс және тұтыну қалдықтарын қайта өңдеу кешенін салуға 20 гектар жер телімі берілген болатын. Қазіргі уақытта құрылыс жүріп жатыр. Кешен жанынан сұрыптауға келмейтін қалдықтарды көму полигоны мен құрылыс қалдықтарын қабылдау, оларды уақытша сақтау орны жасалады. Бұл кешен Ақтау қаласын, Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов елді мекендеріне қызмет жасайды», - деді ол.
Ә.Балманова былтыр өңірдегі қалдықтарды кәдеге жарату мен бейберекет қоқыс үйінділерін, Шетпе ауылындағы карьерлерді жою бойынша іс-шаралардың арнайы бағдарламасы жасалғанын да атады.
«Ақтау қаласы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарушы ұйым «Каспий Оператинг» ЖШС Ақтау қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, соғыс ардагерлеріне және сексен жастан асқан азаматтарға жеңілдіктер қарастырған. Сонымен қатар, жер үй тұрғындарының қоқысқа шығарған ірі көлемді заттары мен құрылыс қалдықтарын қоқыс шығарушы ұйымдар тегін шығарып жүр. Айта кету керек, бейберекет қоқыс үйінділері – бүгінде үлкен экологиялық мәселе. Облысы бойынша былтыр рұқсаты жоқ 111 қоқыс үйіндісі анықталып, олардың жүзге жуығы жойылды. Қалған қоқыс үйінділері ақпан айының соңына дейін тазартылады», - деді Әсел Балманова.