ҚР ҰҚК шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде биылғы күзгі шақырылыммен әскерге келген сарбаздар әскери ант қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласынан шақырылған 80-нен астам сарбаз Отанға адал болуға ант берді.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, полковник Алмат Жанбаев әскер қатарына шақырылғандарды құттықтап, сәттілік тіледі.
«Отанға адалдық ант беру – әрбір жауынгердің өміріндегі ең салтанатты сәт. Одан кейін әскерге шақырылғандар ел қорғауды өз мойнына алып, нағыз жауынгерге айналады», - деді Алмат Жанбаев.
Ант қабылдау рәсіміне әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары арнайы келіп қатысты.
«Шымкент қаласынан келдік. Ұлымызды көрмегенімізге бір ай болды. Оны бәріміз мақтан тұтамыз және әскери қызмет әрбір ер азаматтың парызы деп білеміз. Біз оның командирлерімен кездесіп, телефон нөмірлерін жазып алдық. Олар біздің ұлдарға қамқорлық жасайтыны көрініп тұр», - дейді әскерге шақырылған сарбаздың анасы Динара Хожағұлова.
Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар жан-жақты медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден өткен. Шекарадағы қызмет үшін олардың білімі, әлеуметтік ерекшеліктері, моральдық қасиеттері және отбасылық жағдайы да маңызды саналады.