Абай атындағы мәдениет үйінде Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан әр саладағы қызметкерлерді құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара мемлекеттік әнұранды орындаудан басталды.
Мерекелік кешке өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеште патриоттық әндер шырқалып, сахнада Отанға деген сүйіспеншілікті бейнелейтін нөмірлер қойылды.
Содан кейін өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан түрлі саланың қызметкерлерін марапаттады. 30-дан астам адам III дәрежелі "Парасат", "Құрмет", "Еңбек Даңқы" ордендерімен, сондай-ақ "Ерен еңбегі үшін" медалімен, "Шапағат" медалімен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
- Баршаңызды ұлттық мереке - Республика күнімен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күн ұлттық мереке болып жарияланып, тарихымыздың маңызды бөлігіне айналды. Бұл мереке қазақ мемлекетінің жандануы және бостандық үшін күрескен ата-бабаларымыздың арманы орындалған күн. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация қабылданды, бұл тәуелсіздігіміз жолындағы маңызды заңды қадам болды. Бұл құжат егемендігіміздің негізін қалады. Халқымыз жылдар бойы қиын сынақтан өткен егемендікке апаратын ұзақ және қасиетті жол болды. Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Республика күнінің ұлттық мәртебесін жандандыру мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мереке ерекше сипатқа ие болып, еліміздің жасампаздығына, бірлігі мен рухани дамуына шабыттандыратын тарихымыздың символына айналды, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы 25 қазанда атап өтілетін Республика күні Қазақстанның көпұлтты халқының бірлігін, татулығы мен келісімін бейнелейтінін айтты.
- Осыған орай еліміздің егемендігі күн сайын нығайып, әр үйде бейбітшілік пен қуаныш орнағанын тілеймін. Осы мереке күні барлық отбасыға бақыт және өркендеу тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанды дамытуға бағытталған игі істеріңіз табысты болсын, - деді Маңғыстау облысының әкімі.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
#republicday