Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу, Түпқараған ауданындағы білім беру ұйымының 100 маманы журналистика, SMM дағдылары бойынша курсқа қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикерлер қатысушыларға пресс-релиз дайындау, әлеуметтік медианың мүмкіндіктері туралы ақпараттар айтып, практикалық тапсырмалар берді. Сондай-ақ, контент-жоспар құру, тақырып дұрыс қою мен ақпаратты шебер беру, таргет, мобилография қыр-сырларымен бөлісті. Білім беру саласының мамандарын мұндай бағытта оқыту білім мекемелерінің әлеуметтік медиада имиджін қалыптастыруға және ақпараттық коммуникацияны дұрыс құруға мүмкіндік береді.
Екі күндік курста қатысушылар бүгінгі күні нарықта үлкен маңызға ие болған дағдыларды меңгеріп, заманауи технологияларды түсінді. Ұйымдастырушылар бұл курс тағы да онлайн түрде жалғасатынын атап өтті.
«Білім беру ұйымдарының мамандары қазіргі технология мен мүмкіндіктерді пайдаланып, өз ұйымының жаңалықтарын, жаңашылдықтарын аудиториясына ұсына алуы тиіс. Әрине, бұл жаңалықтарды әлеуметтік медианы, онлайн контентті пайдаланып жүзеге асырады. Бүгін қатысушыларға контентті дұрыс әзірлеу бойынша бағыт бердік», дейді ТМД елдері бойынша білім жүйесін дамытудың халықаралық қорының директоры Зәуреш Колумбаева.
Айта кетейік, курсты білім басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты негізінде ТМД елдері бойынша білім жүйесін дамытудың халықаралық қоры ұйымдастырды.