2023 жылы Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметшілері өздеріне берілген 6 сыйлықтан бас тартып, мемлекетке тапсырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтардың ішінде иіс су, бренд дүкен мен сауда үйіне сертификаттар болған.
«Мемлекеттік қызметшілер тапсырған сыйлық 53 мың теңгеге бағаланды. Департамент бес сыйлықты 48 мың теңгеге сатты. Қаражат республикалық бюджетке аударылды. Тағы бір сыйлық сатылымда тұр», - деді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы Ұлжан Байтобетова.
Былтыр республика бойынша мемлекеттік қызметшілер Мүлік және жекешелендіру комитетіне 278 сыйлықты тапсырған. Олардың жалпы құны 2 млн 324 мың теңгеге бағаланды.
Айта кетейік, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл» туралы Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жақын туыстарына сыйлық алуға болмайды.