Биылғы оқу жылын облыс бойынша 188 білім беру ұйымында 182 мыңнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 8 038 түлек мектеппен қоштасады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында МО білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, 24 мамыр күні барлық білім беру ұйымдарында 2023-2024 оқу-жылын қорытындылауда «Білімім – Отаныма» жалпыреспубликалық бірыңғай тәрбие сағаты өткізіледі. 25 мамыр күні барлық білім беру ұйымдарында оқу жылы қорытындыланып, «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында мектеп бітірушілер үшін іс-шара өткізіледі. Бұл мектеп әкімшілігінің бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен өткізіледі.
- Әр мектеп қоштасу кешін креативті идеялармен ерекше форматта өткізуіне болады. Мысалы: 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың суреттерінен слайдшоу әзірлеу, бір-біріне арнау жасау, тілек айту, ұстаздар мен білім ұясына алғыс айту әнін орындау, өлең оқу, ата-аналарына 11 жыл бойы алған өнер-білімдерін паш ету секілді барынша жүректен жүрекке жетер креативті идеялармен өткізу ұсынылады, - деді Айжақсы Тұржанова.
Сондай-ақ, үздік оқушыларды, қоғамдық жұмыс белсенділерін марапаттау маңызды.
- Мектеп бітірушілер үшін іс-шараларын міндетті түрде мектеп қабырғасында өткізу міндеттеледі. Санитарлық режимді, сондай-ақ жеке бас гигиенасын сақтау шарттарын қатаң сақтауды қамтамасыз ету, учаскелік полиция қызметкерлерін тарта отырып, барлық үй-жайларда және мектеп аумағында кезекшілікті, қауіпсіздік шараларын сақтауды және төтенше жағдайлар кезінде эвакуациялауды қамтамасыз ету мектеп басшылығына міндеттеледі, - деді Айжақсы Тұржанова.
Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бақылау мен басшылық жасалады. Ата-аналар мен мектеп әкімшілігіне мына іс-шараларды ұйымдастыруға рұқсат етілмейді:
- мерекелік іс-шараларға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға;
- мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға;
- жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қала бойына экскурсиялар өткізуге;
- әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға рұқсат етілмейді.