Маңғыстау облысында «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу және Мұнайлы аудандары тұрғындары өтініш бере алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаеваның айтуынша, 2022-2023 оқу жылынан бастау алған «Жарқын болашақ» жобасы аясында Жаңаөзен қаласы мектептерінің 227 білім алушысына Қазақстанның ірі және өнеркәсіптік қалаларының үздік оқу орындарына түсуге мүмкіндік берілген.
«Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектебіне 7-8 сыныптардың 10 оқушысы, IQanat мектебіне – 10-сыныптардың 50 оқушысы, еліміздің 79 колледжіне 167 студент қабылданды. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылынан бастап, аталған бағдарлама шеңберінде Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған аудандарының балалары да еліміздің жетекші колледждерінде кәсіби білім алуға мүмкіндік алды»,- деді Гүлмира Мамаева.
«Жарқын болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты – Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу және Мұнайлы аудандарының жасөспірімдеріне еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беру.
«Биыл Жаңаөзен қаласы және Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия аудандарынан 12-22 жас аралығындағы 674 грант иегері бар. Олар еліміздің 11 өңірінде орналасқан 57 білім беру ұйымында оқып жатыр. Және 2024-2025 оқу жылына 600 грант иегерін қабылдау жоспарланып отыр. Ал, өтініш беру үшін мынадай құжаттар тізімі қажет:
- Үміткердің жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлігі болмаған жағдайда туу туралы куәлігі);
- Заңды өкілінің жеке куәлігі. Егер болған жағдайда: Әлеуметтік жағдайын растайтын анықтама (көп балалы отбасы, толық емес отбасы, аз қамтылған отбасы, отбасы мүшесінің мүгедектігін растайтын анықтама);
- Аттестат (болмаған жағдайда білім беру ұйымының мөрі қойылған соңғы жылдың табелінің көшірмесі);
- 3х4 см көлеміндегі фотосурет қажет,- деді «Жарқын Болашақ» бағдарламасының жетекшісі Мейрамбек Закиров.
Айта кетейік, «Жарқын болашақ» бағдарламасы «Қазмұнайгаз» ҰК, «Самрұқ-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Bilim Foundation» қорының қолдауымен жүзеге асырылған.
Аталған, бағдарламаға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, мына нөмірге хабарласуыңызға болады: +7 771 020 00 47.