16 тамызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, өңірдің құрылыс саласының дамуына үлес қосып жүрген құрылысшыларды марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараны облыс құрылысының негізін қалаушылардың бірі, ардагер құрылысшы Гилаж Сатыбалдиев ашып беріп, құрылысшыларды төл мерекелерімен құттықтады. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде құрылысшыларды өңірдің экономикасына қосқан зор үлесін жоғары бағалап, еңбектерін ерекше атап өтті.
- Құрметті құрылысшылар, сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде ірі жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Қызу еңбектің бел ортасында тер төгіп жүрген құрылыс-сәулет саласының «сайыпқырандарын» өңір экономикасының сан-саналы дамуына қосқан лайықты үлесі үшін алғыс білдіреміз. Сіздерге шын жүректен мықты денсаулық, қажымас қайрат, мұқалмас жігер тілеймін, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Салтанатты шара барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан сала қызметкерлері Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатына және басқа да мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар, Атырау облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ержан Хайноллаев шараға арнайы келіп, Атырау облысында су тасқыны кезінде көмек қолын созған бірқатар құрылыс компанияларына Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.