Маңғыстауда Төтенше жағдайлар департаменті қыс мезгіліндегі ТЖ алдын алу мақсатында облыс басшылығымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау бағытындағы іс-шаралар жоспарын бекітті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникациялар орталығының баспасөзіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықовтың айтуынша, жоспарға сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға қызмет ететін мекемелер мен мердігер компаниялардың техникалары, жанар-жағармай қорлары, инерттік материалдары, комиссия құрамымен қаралып, қыс мезгіліне дайындығы тексерілген. Тексеру нәтижесінде азаматтық қорғау кіші жүйесінің күштері мен құралдарынан 716 адам және 232 бірлік техника тұрақты дайындыққа келтірілген.
- Бұдан басқа, қар құрсауында қалған адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында 20 уақытша жылыту пункті, оның 13-і республикалық маңызы бар автожолдарда, жетеуі облыстық маңызы бар автожолдарда дайындалды. Сондай-ақ, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 2 трассалық медициналық - құтқару пункті (жеке құраммен ауысымына 5 адамнан және 1 бірлік техникадан, ТМҚП:1 - Бейнеу, 1-Мұнайшы) жұмыс істейді. Айта кету керек, 10 желтоқсаннан 19 желтоқсанға дейін ауа райының күрт өзгеруіне байланысты 39 адам және 12 техника автожолдарда құтқарылды. Сонымен қатар Маңғыстау облысында орналасқан жылыту пункттеріне барлығы 215 адам орналастырылды,- деді Нұрлыбек Айжарықов.
Сол себепті тұрғындар мен жолаушылар осындай келеңсіз жағдайлардан сақтану үшін SMS-хабарламаларға әлеуметтік желідегі ақпараттарға және радиостанция құралдарынан берілген дауылды ескертулерге аса назар аудару қажет.