Ақтаудағы «Lider.kz» еріктілер қозғалысының құрылғынына бүгін бір жыл толды. Бір жыл ішінде 175 өтініш түскен. Оның ішінде 150-і хабар-ошарсыз жоғалғандар жөнінде. Дегенмен еріктілер қозғалысы 90 адамды іздеуге атсалысқан, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоғалған адамдардың көбі аман-есен табылса, шамамен 1 пайызы үйіне тірі оралмаған. Ал бірнеше жыл бұрын із-түссіз кеткен 2 адамнан әлі де хабар жоқ.
Еріктілер қозғалысының басшысы Давид Миникаев волонтерлық істі мектеп қабырғасында бастап, кейін студент кезінде жалғастырған. Ол «Lider.kz» еріктілер қозғалысы құрылғаннан бері үлкен тәжірибе жинағанын айтып отыр.
- Қазір бізде 40 шақты ерікті бар. Волонтерлық – оңай іс емес. Ерікті болуға келген адамның көбі шыдай алмай, кетіп қалып жатады. Өйткені бұл жұмыс бірден нәтиже бере қоймайды. Кейде бір тәулік бойы ас-сусыз жүріп жоғалған адамды іздеуге тура келеді, - дейді ол.
Еріктілер Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп іздеу жұмыстарын да атқарған. Давид Миникаевтың сөзінше еріктілер қозғалысы «Қауіпсіз аула» және «Үйге апарар жол» жобасын іске асырған.
- Спорт алаңында балалар жарақат алып, арты қайғылы оқиғаға ұласқаннан кейін біз «Қауіпсіз аула» жобасын қолға алдық. Жоба аясында спорт, ойын алаңдарының қауіпсіздігін тексеріп, балалар мен ата-аналарға түсінік жұмысын жүргіздік. Кемшіліктерді анықтап, құзырлы органдарға жолдадық. Алайда қазір бұл жоба қалалық прокуратураға байланысты тоқтап тұр, - дейді Давид Миникаев.
Бұдан бөлек «Lider.kz» еріктілер қозғалысы әлеуметтік мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып жүр. Қаланың тазалығы үшін де жұдырықтай жұмылып, эко-жобаларда белсенді болып келеді.
Ал алдағы жылда бірнеше жобаны қолға алуды жоспарлап отыр. Жобаға демеуші табылса қала тұрғындары үшін отбасылық және жасөспірімдер психологі мен заңгерлердің тегін кеңесін ұсынбақ.
Бұдан бөлек «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоғамдық қоры да өңірде түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Биыл бұл қор Қазақстанның XI Азаматтық форумында азаматтық қоғамның дамуы мен қайырымдылық істерге ерекше үлес қосып жүргені үшін марапатталды.
«Біз адамбыз – біз біргеміз» қорының еріктілері үш жылдан бері Ақтаудағы жалғызбасты қарттарға апта сайын тегін түскі ас әзірлеп береді. Ал тамақтарды Yessenov University еріктілері қариялардың үйіне жеткізеді.
- Туыстары жоқ немесе балалары шетелде тұратын жалғызбасты егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыстық тамақ әзірлейміз. Біз міндетті түрде балық пен ет тағамдарын алмастырып отырамыз. Сондай-ақ тағамға сапалы көкөністер қосамыз. Көпшілік «Неге тамақ әзірлеп, таратасыздар?» деп жиі сұрайды. Өйткені қарияларға көңіл бөлу керек, олар қамқорлыққа мұқтаж. Ал түскі асты жеткізіп беретін ерікті студенттер өз әсерімен бөліседі. Олардың бұл істі қуана атқарып жатқанына қуаныштымын», - дейді «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоғамдық қорының басшысы Иманғазы Досмұхамбетов.
Қоғамдық қордың еріктілері бұдан басқа да қайырымдылық шараларда белсенді. Мүгедек адамдардың үйін тазалап, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға киім үлестіреді. Сондай-ақ оқу жылының қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балаларға оқу құралдарын сатып алуға атсалысып келеді.
Махаббат Нұржанқызы