"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі инспекторлары “Тасорпа” мемлекеттік табиғи қаумалынан ерекше жапалақты суретке түсіріп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Парк басшысы Мыңберген Қаратауов ақ түсті жапалақтың наурыз айының басында байқалғанын айтты.
Аталған жапалақтың басы үлкен, көздері бадырайған, көз бұршағы қимылсыз, бет тегерішті, қауырсындары өте жұмсақ, ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Негізінде кемірушілермен қоректенеді, жемін түнде аулайды. Жұптарын өмір бойы жазбайды, ағаштың қуысына, кейбіреуі жерге ұя салады. Ұядағы жұмыртқалардың саны дене мөлшеріне байланысты 2-ден 12-ге дейін жетеді. Ал жұмыртқаларды аналығы басады. 28 туысқа бірігетін 133 түрінің елімізде 9 туысы, 12 түрі кездеседі. Олардың оны ұя салады. Мамыр-маусым айларында ірілері 1-2-ден, ал майда құстары 10-12-ден жұмыртқа салып, оны мекиені 4 аптадай басады. Балапандары 30 күнде қанаттанады.
«Олар денесін ақ түк басқан, соқыр болып туады. Жапалақ тәрізділер жәндіктермен, кемірушілермен қоректенеді. 4 наурыз күні “Қызылсай” МӨТ КММ қарасты “Тасорпа” мемлекеттік табиғи қаумалында суретке түсіп қалды», - деді Мыңберген Қаратауов.
Осыған дейін "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі инспекторлары топ болып жайылып жүрген арқарларды байқағанын хабарлаған болатын.