Наурыз мейрамы қарсаңында Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері «Көрісу күні – Амал мерекесін» атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери бөлімдердегі күнделікті қызмет жауынгерлік дайындық, кезекшілік, теңіз жорықтары мен оқу-жаттығулар сияқты белгіленген тәртіппен жүретіні белгілі. Әйтсе де әскери қызметшілер ежелден келе жатқан ата дәстүрге құрмет көрсетуге де уақыт бөлді.
Көктемгі күн мен түннің теңелуінен бір апта бұрын адамдар туыстары мен көршілерін аралап, бір-бірінің дастарханынан дәм татады. Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жатады. «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды.
Бұл күні ең алдымен ауылдың үлкендеріне барып, сәлем беріп көрісіп жатады. Кәдесыйлары да міндетті түрде бір-бірінің көңілдерін аулап, жаңа жылдың келуіне орай қуанышты болады. Осыны ескерген 29011 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ақтау қаласындағы қарттар үйінде болды. Теңізшілер қарияларға ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынып, жылулық пен қуаныш сыйлады. Сонымен қатар акцияны ұйымдастырушылар мекеменің аумағын тазалауға да жәрдем көрсетті. Қарттар әскери теңізшілерге қамқорлығы үшін шын жүректен алғыс айтты.
– Мұндай игі іс-шаралар мерекелік көңіл-күй қалыптастырып қана қоймай, әскери қызметшілер мен азаматтардың жақындасуына оң ықпал етеді. Ол жас жауынгерлердің жасампаздық әлеуеті мен ең жақсы қасиеттерін қалыптастырады, – деп атап өтті Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов.
– Мен жарты жыл бұрын әскерге шақырылдым. Осы уақыт ішінде біз мұнда әртүрлі мерекелерді атап өттік. Бүгінгі күн де біз үшін өте қымбат дәстүр екеніне өте қуаныштымын. Баршаңызды көктем мерекесімен құттықтаймын, елімізге тыныштық тілеймін, - деді Орал қаласының тумасы матрос Ернар Лұқпанов.
Әскери қызметшілерді әртекті кемелер дивизионының командирі 3-дәрежелі капитан Медет Сұлтанов та құттықтады. Дәстүр бойынша матростар құшақтасып, көрісті.
Әскери теңізшілер ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі «Наурыздың жаршысы – Амал күнін» осылай атап өтті.