Ақтауда ҚР мәслихаттарының 30 жылдық мерекесіне орай алғаш рет “Екі жұлдыз” шоу бағдарламасы өтті. Концертте Маңғыстау облысының мәслихат депутаттары мен өлкенің белгілі әншілері бірлесе өнер көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Депутаттар М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның әртістерімен жұп болып ән шырқап, әсем әуендері мен өнерлерін көпшілікке ұсынды. Жобаға барлығы 18 жұп қатысты. Олар шоу-концертке екі аптаға жуық дайындық жүргізген.
Түпқараған аудандық мәслихатының төрағасы Айсағали Нұғманов «Әу демейтін қазақ жоқ, бар қазақтың бойында ән айтып, домбыра шертетін қасиет бар. Өзіміздің айтып жүрген әніміздің бірін орындадық”, деді.
Ал Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаты Гүлжан Асамадинова “Кәсіби әнші болмағаннан кейін, өнердің қыр сырын білмейді екенбіз. Бүгін осы күйді сезіндік, өте қызықты болды”, деп өз әсерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Дүйсен “Қанша той томалақта өлең айтып жүрсең де, сахнаның орны бөлек екен”, деп өз ойымен бөлісті.
Мерекелік концерт жоғары деңгейде өтіп, көрермендер де өз ризашылықтарын білдірді.