Өңірімізде 2023 жылдың 15 тамызынан бастап, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үйлерді бөлу жаңа әдіспен жүзеге асырылатын болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
«Отбасы Банк» АҚ МОФ директорының орынбасары Марьяш Нұрғалиеваның айтуынша, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы отбасылар, көп балалы аналар жылдық 2% мөлшерлемесімен қолжетімді несие алуға өтініш бере алады.
- Несие мерзімі 20 жылға дейін болады. 10% басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемемен беріледі. Жоғарыда көрсетілген 4 санат бойынша 227 мың қазақстандық баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 51 мыңы 1 және 2-топтағы мүгедектер,- деді Марьяш Нұрғалиева.
Сондай-ақ брифинг барысында «Отбасы Банк» АҚ МОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы Айдын Аженов тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды арналған тұжырымдамаға өтінімді қалай беру керектігі мен несиенің тиімділігіне тоқталды.
- Кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-ден және 3,7-ден аспауы керек еді. Мәселен, бұл сома белгіленген нормадан кем дегенде 100 теңгеге асып кетсе, отбасы қолжетімді заемнан қағылып, баспана мәселесін шеше алмайды. Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында қабылданады. Бұл бұдан былай бүкіл Қазақстан бойынша өтінімдерді жалпылама қабылдау болмайды. Яғни, мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары енді бірден белгілі бір аймақтағы нақты нысандағы нақты пәтерді таңдап өтінім беретін болады,- деді Айдын Аженов.