Ақтауда Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Lectorium» жобасы өтті. Жоба аясында кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаев маңғыстаулық жастармен, ата-ана, жас отбасылармен кездесті. Кездесудің алғашқы сессиясында «Өмірлік серікті қалай таңдаймыз» тақырыбы қозғалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық директоры Гүлмира Баянқызының айтуынша, кездесудің мақсаты – берік қоғам, саналы ұрпақ қалыптастыру. Жас отбасыларға, ата-анаға психологиялық кеңес беру, өзекті тақырыптарды қозғай отырып, мәселенің шешімін табуға жәрдемдесу.
«Қазіргі таңда саналы түрде отбасын құру, оны берік ұстап қалу өте маңызды. Себебі қоғамда ажырасу көп, бұл алаңдайтын мәселе. Сондықтан жастар арасында саналы түрде тұрмысқа шығып, үйлену, отбасын құрудың маңыздылығын түсіндіру, өмірлік серікті дұрыс таңдау және отбасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаевты өңірге шақырдық. Осы кездесу арқылы жастарға дұрыс бағыт беріп, пайдалы ақпараттармен бөлісеміз деген сенімдемін», - дейді Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Баянқызы.
Кездесу барысында өмірлік серікті таңдаудағы негізгі қателік айтылды. Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, отбасылық модельдің болмауы мен өзіне деген сенімсіздік өмірлік жарды дұрыс таңдауға кедергі келтіреді.
«Өмірлік серікті таңдап, отбасын құрар кезде ең алдымен әркім өз-өзіне «Мен отбасын құруға дайынмын ба?» деген сауалды қоюы керек. Яғни, жастар психоэмоционалды тұрғыдан дайын екеніне көз жеткізуі қажет. Қазақта «Аштық пен ақшасыздық есіктен кіргенде, махаббат пен сүйіспеншілік терезеден шығып кетеді» деген сөз бар. Сол сияқты жастар материалдық жағдайға, тұрақты жұмыстың бар-жоғына мән беруі қажет. Сонымен қатар болашақ жарды таңдар алдында біз ол жаннан не күтетінімізді анықтап алғанымыз жөн. Көп жас бұл сұраққа жауап бере алмайды, тіпті білмейді, сондықтан жиі сәтсіздікке ұшырап жатады. Ең бастысы отбасы психологиясы, бала психологиясы, еркек-әйел психологиясы бағытында кітап оқу, семинар, курсқа қатысуы қажет», - дейді Ержан Мырзабаев.
Сондай-ақ ол қыз бен жігіт ретінде жүру үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Бұл қадамға тек отбасы құруды ниет еткен жандар ғана барғаны дұрыс деп есептейді. Осы ретте отбасылық психолог жастарға некеден бұрын жыныстық қарым-қатынасқа түспеуді ескертті. Оның айтуынша, жыныстық қатынас – некесі қиылған ер мен әйелдің қарым-қатынасын ерекшелендіретін қасиетті нәрсе. Егер мұндай жақын қарым-қатынас некеден кейін болса, отбасындағы сенім, бақыт пен беріктік ұзақ болатынын тілге тиек етті.
Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев екінші сессияда ата-ана, жас отбасылармен кездесті. Кездесу барысында «Бақытты отбасының 7 принципі» айтылды. Отбасылық психолог кез келген қарым-қатынаста еркін әрі ашық түрде сөйлесу, оны тыңдай білу өте маңызды рөл атқаратынын айтты. Егер ортада диалог жиі болса, бір-бірін жақын тануға, ішкі сезімдерін тыңдай білуге, түсіністік орнатуға, отбасындағы жағдайды реттеуге мүмкіндік болады. Яғни, бақытты отбасының негізгі формуласы – сөйлесу.
Қазіргі таңда бойдақтардың мәселесі – өмірлік жарды дұрыс таңдау болса, отбасылы адамдарды әрі қарай мықты отбасы қалыптастыру алаңдатады. Мықты отбасы қалыптастыру үшін ортақ диалог, бір-бірін түсіну өте маңызды. Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша,
«Отбасындағы жылулық ер мен әйелге тікелей байланысты. Сондықтан қарым-қатынасты жандандырып, оны нығайту үшін екеуі де бірдей атсалысуы керек. Қыз бен жігіт болып жүргенде бір-біріне ерекше көңіл бөледі, гүл беріледі де отбасы құрғаннан кейін бұл дәстүр қалады. Негізінде отбасылық күнді белгілеп, ерлі-зайыптылар бір-бірін кездесуге шақыруды ұмытпағаны жөн. Бұл өзара сырласуына, тұрмыстық мәселелерден бір уақыт алыстауға мүмкіндік береді. Отбасылық кездесуге ата-ене, бала-шаға, туған-туысты қатыстырмаған маңызды», - дейді Ержан Мырзабаев.
Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас нығайған соң бала тәрбиесі өзінен өзі реттеледі.
«Баланы тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бала тәрбиесіне отбасындағы атмосфера тікелей әсер етеді. Сондықтан ең біріншіден, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты реттеп алғаны жөн. Есте сақтау керек, баланы ұруға, жазалауға, оған ұрысуға болмайды. Баланы қорқыту арқылы белгілі бір жетістікке жету мүмкін емес. Керісінше, ол баланың бойындағы қабілетті өшіріп, сенімсіздікті қалыптастырады», - дейді психолог.
Сондықтан отбасылық психолог балаға ұрысудан бұрын онымен ашық сөйлесіп, қателіктің салдарын түсіндіру қажет екенін тілге тиек етті. Сонда ғана бала саналы түрде шешім қабылдауға, кез келген әрекетті жасайтын кезде ойлануға дағдыланады.
Айта кетейік, кездесуге 800-ге жуық маңғыстаулық келді. Шара соңында қатысушылар отбасылық психологтан кеңес алып, көкейде жүрген сауалдарын жолдады.