Өңірдегі Қаракөл аумағында аққулардың жаппай қырылуы толастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта құстардың жаппай қырылуы дерегі қазір тоқтаған.
«Бір айдан астам уақыт бойы қырылған аққулардың саны 1132-ге жетіп, тоқтады. Соңғы 3-4 күндікте қорық аумағындағы жағдай тынышталды. Ауа райының күрт суытуына байланысты көлде мұз қатып, аққулардың дені басқа жаққа ұшып кетті деген болжам бар. Көлде әзірге қырылған құстар байқалмайды. Осыған дейін өлген құстарды жинап алу жұмыстары жүргізілді. Әр жерде бірен-сараң өлекселер кездесуі мүмкін. Бірақ судың қатуынан оларды жинау мүмкін емес», - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы Қаракөл қорығында аққулардың жаппай қырылуы қоғамды дүрліктірген болатын. Кейін өңір әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, жағдайды бақылауға алды. Осы жағдайға қатысты сала мамандары зерттеу жүргізіп, құстардың өлімінің себебін атаған еді.