Биыл Маңғыстау облысы бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері арқылы 6 айда 23 507 қызмет көрсетілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, маңғыстаулықтар көбіне баланы тууды тіркеу мемлекеттік қызметіне жүгінген. Атап өтсек, 2024 жылдың 1- жарты жылдығында тұрғындар 9836 тууды тіркеу қызметін пайдаланған.
Айта кетейік, АХАТ органдары тууды, өлімді, неке қиюды және некені бұзу сияқты құжаттарды тіркейді. Бұдан басқа акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізеді, азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіреді және жояды.
Азаматтық хал актілерін тіркеу қызметінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қосылғанына 1 жыл өтті. Азаматтық хал актілері жазбалары «АХАТ» тіркеу пункті ақпараттық жүйесі арқылы 2007 жылдан бастап электронды тіркеліп жатыр. Ал осыған дейін қолмен жазылған акт жазбалар мұрағаттарда сақталған.
«Мемлекеттік қызметтер аумақтан тыс қағидат бойынша көрсетілетінін атап өткен жөн. Қызмет алушы тұрғылықты мекен-жайына, ол туралы акт жазба қай жерде тіркелгендігіне қарамастан, кез-келген АХАТ бөлімі арқылы қайталама куәліктері мен анықтамаларын және АХАТ қызметіне байланысты өтініштерді бере алады» - деп жазылған корпорация таратқан ақпаратта.