Мемлекет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру үшін қажетті шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, өңірде сұранысқа ие кәсіби кадрларды даярлауға ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы Маңғыстауда жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы өңір тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz "№1 БОРТ " Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Мемлекет жыл сайын білім беру гранттарының санын көбейтеді. Ағымдағы оқу жылына ЖОО-да оқуға 73 мыңнан астам грант бөлінді, деп еске салды Президент.
"Менің бастамам бойынша еліміздің батыс өңірлерінен келген талапкерлер үшін қосымша 10 мың нысаналы білім беру гранты көзделген. Оның 6 мыңы Маңғыстау облысына арналды, алайда гранттардың төрттен бір бөлігі ғана игерілді. Бұл қолайсыз. Бұл ретте өңірде білікті мамандарға деген жоғары қажеттілік сақталуда. Мұның бәрі жоғары оқу орындары мен бейінді министрліктің кәсіптік бағдарлау қызметінің әлсіздігі туралы айтады",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, талапкерлермен және олардың ата-аналарымен ақпараттық жұмыс тиісті түрде жүргізілмеген. Осыған байланысты Президент ғылым және жоғары білім министрлігіне мақсатты білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды.
"Айта кету керек, жергілікті жастарға арналған гранттар, мамандардың жетіспеушілігі, сайып келгенде, бүкіл өңірді дамыту – осының бәрі бір-бірімен тығыз байланысты мәселелер. Сондықтан облыс әкімі оларды қарауға өте мұқият қарауы керек", - деді Мемлекет басшысы.