Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов 2024 жылдың жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ол өңірдегі мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет заңнамасының сақталуы бағытында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
- Мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет заңнамасының сақталуына қатысты 8 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, 73 заң бұзушылық анықталды. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі жолданымдарды қарау тәртібін бұзу бойынша 4, қызметтік міндеттерін дұрыс атқармау бойынша 1, сыйақы төлеу бойынша 1 және өзге де 3 заң бұзушылық анықталды. Әдеп жөніндегі кеңестің 4 отырысы өткізіліп, барлығы 11 мәселе қаралып, 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Яғни, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылық жасау бойынша қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертуді Бейнеу ауданы әкімінің аппарат басшысына және әдеп нормаларын бұзу бойынша Түпқараған ауданы әкімінің орынбасарына сөгіс берілді, - деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Спикер профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары тәртіптік істердің саны төмендегенін айтты. Мәселен, осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 3 тәртіптік іс болса, ал өткен жылдың дәл осы кезеңінің қорытындысы бойынша 6 тәртіптік іс қаралған. Жоспарға сәйкес 20 мемлекеттік органда мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 35 мемлекеттік қызметкердің қосымша үстеме жұмыстар атқарғаны анықталып, құқығы қалпына келтірілді. Яғни қосымша үстеме жұмыстар атқарғаны үшін 195 минут көлемінде қосымша демалыстар берілді.
Одан бөлек, Тоқтамыс Жұмағұлов мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасқысы келетін жастарға арналған мүмкіндіктер туралы хабарлады.
- Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес былтыр заңға өзгерістер енгізілді. Яғни мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнын аяқтаған түлектер 1 жыл ішінде ауыл, аудандардағы төменгі лауазымға конкурссыз тағайындала бастады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Өңірімізде бүгінгі күні 12 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурссыз тағайындалып, елге қызмет етуде, – деді Т.Жұмағұлов.
Бұдан бөлек, Департамент мамандарымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласына қатысты бірқатар жұмыстар атқарылды.
Мәселен, 6 ай ішінде 10 мемлекеттік қызмет алушының құқығы қорғалды.
- Рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін ӘҚБтК 465-бабымен қысқартылған тәртіпте басшы тұлғаларға 9 әкімшілік хаттама (465-б. 1-б. - 3, 465-б. 2-б. - 6) толтырылып, 443 040 теңге айыппұл салынып өндірілді. Ал тәртіптік жауапкершілікке 51 қызметкер тартылды (Жергілікті атқарушы органдар – 33, Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері – 18). Оның ішінде басшылық құрам – 17, орындаушы құрам – 34. Ішкі бақылау аясында 15 бірлескен тексеру жүргізіліп, 1 516 бұзушылық анықталды және оларды жою бойынша ұсыным беріліп,орындалды,-деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Сонымен қатар, «EgovKzBot2.0» телеграм-бот платформасы сәуір айынан бері іске қосылып, 3 азаматтың құқықтары қорғалды. Осы шағым негізінде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Арыз-шағымдарды қарау нәтижесінде 6 тұлғаның құқығы қорғалды.
Естеріңізге сала кетейік, 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі өзгерген болатын. Яғни мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасам деушілер енді eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн түрде өтініш беріп, конкурсқа әлемнің кез келген жерінен қатыса алады.