Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім. Елімізді өркениетке апаратын жолдың бастауында білім тұрады. Егемен еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан оларға берілген білім мен тәрбиенің маңызы зор.
Білім-инновация лицейінің оқушысы Әділжан Молдағұл білім алу жолында қалтқысыз еңбек етіп келеді. Халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүр. Ол Ақтау қаласының тумасы. Жақында Сауд Арабиясында өткен дүниежүзілік ең беделді олимпиадалардың қатарына кіретін IChO–2024 халықаралық додасында химия пәні бойынша қола медаль иеленді.
Әділжан осыған дейін Халықаралық Менделеев атындағы химия пәні олимпиадасында қола, Астанада өткен жарыста күміс, Қытайда өткен халықаралық жасөспірімдерге арналған ғылыми олимпиадада қола жүлдегер, халықаралық Аль-Бируни атындағы химия пәні олимпиадасында күміс, Өзбекстанда өткен химия пәнінен республикалық олимпиадасына үш жыл бойы қатысып, бір күміс, екі рет алтыннан алқа таққан.
– Әділжан өте ақылды, ізденімпаз, қызығушылығы көп. Сабақтан тыс уақытта іс-шараларға белсенді қатысып, сыныптас достарына өз білген білімі мен тәжірибесін еркін түрде бөлісе алады. Қажет уақытта жанжағына көмектесуге әрдайым дайын азамат. Ол шығармашылықта, спортта да белсенді. Сыныппен ұйымдастырылған концерттік бағдарламада достарымен би билеп сахнаға шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Спорттық іс-шараларға Әділжан әрдайым уақыт тауып, сыныптас достарымен футбол және волейбол ойнайды,– дейді жеңімпаздың сынып жетекшісі Серік Жандосов.
– Химия пәніне деген қызығушылығым жоғары. Осы пәннің қыр-сырын біліп, толықтай меңгергім келеді. Химияның есептері өте қызық. Химия пәнінде қағазда есеп шығарудан басқа қызықты эксперименттерді істеу керек. Мысалы, екі реагентті араластырып, шыққан қоспаға жарықты өткізіп, сіңген жарықтың сандық пайызы бойынша өнімнің концентрациясын табуға болады. Осы пәннен сабақ беретін ұстазым Айболат Мурсалимовтан көп нәрсені үйреніп, білімімді арттырып келемін. Олимпиададағы жеңісім – менің және мұғалімдерімнің қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін, – деді ол.
Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді. Алтын медаль үшін 1500 АЕК, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК төленеді. Сонымен қатар оқушыларды дайындаған тәлімгерлерге де марапат қарастырылған.