Маңғыстауда көлік салығын төлемегендер автокөлігінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында көлік құралының салығы бойынша 33,4 мың көлік иесі 1,7 млрд теңге қарыз. Оның ішінде негізгі салық сомасы – 1,4 млрд теңге, өсімпұл – 287,9 млн теңгені құрап отыр.
Салық төлеуден жалтарған автокөлік иелерінің ең көбі Ақтауда – 930,4 млн теңге. Ал Жаңаөзен қаласының жүргізушілері 309,7 млн теңге қарыз болып отыр, Мұнайлы ауданындағы темір тұлпар иелерінің 267,8 млн теңге берешегі бар, Ал Түпқараған ауданындағы төленбеген салық сомасы – 63 млн теңге.
Көлік салығы – Қазақстандағы көлік иелері үшін мемлекеттік бюджетке төлейтін міндетті жыл сайынғы төлем.
Тек белгілі бір санаттағы адамдар ғана салықтан босатылады. Ал салық міндеттемесін елемейтін автокөлік иелерінің мүлкі алынуы мүмкін.
Қарызы бар салық төлеушілерді ұстау үшін полиция мен сот орындаушылары рейдтер жүргізеді.
1 АЕК-тен жоғары берешек сомасы бойынша салық сомасын уақытылы төлемеген тұлғаларға жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтары жіберілетін болады.
- Берешек табыс етілгеннен кейін 5 жұмыс күнінен кейін төленбеген жағдайда, салық Бұйрығы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мәжбүрлеп орындауға беріледі. Өз кезегінде, жеке сот орындаушылары "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банктік шоттар мен мүлікке тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы. Оның ішінде 40 АЕК-тен берешегі бар болса, азаматқа ҚР-дан шығуға тыйым салынуы мүмкін, - делінген департамент хабарламасында.
Бұдан басқа, мемлекеттік кіріс органдары уәкілетті органдармен бірлесіп көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешегі бар жеке тұлғаларға қатысты іс-шаралар жүргізетін болады.
ҚР-дан шығуға тыйым салу туралы ақпаратты мына сілтеме бойынша білуге болады.
Салық бойынша берешектің болуы/болмауы туралы мәліметтерді электрондық сервистер → салықтық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі → ЖСН, e-Salyq Azamat мобильді қосымшасына енгізуге болады.
Еске сала кетейік, көлік салығының мөлшері автомобиль қозғалтқышының көлеміне байланысты. Бұл соманы көлік құралының техникалық параметрлері негізінде дербес есептеуге болады.