Ақтауда күніне 1000-нан астам баланы қабылдай алатын оқушылар сарайы келесі жылы пайдалануға берілмек. Ғимаратта шағын обсерватория, кітапхана, көрме залдары және т.б бөлмелер болады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, оқушылар сарайы 17-шағынауданда салынып жатыр.
-Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушы саны өңір бойынша биыл 8 мыңға артса, алдағы 5 жылда 51 мың балаға артып, 207 мыңға жетеді деп күтілуде. Сондықтан Жаңаөзен қаласында да осындай оқушылар сарайын ашу жоспарлануда. Жалпы, Ақтаудағы 3 қабатты сарайда оқушылар үшін барлық жағдай жасалады. Мысалы, химия, биология, физика бойынша толыққанды эксперименттер жүргізуге, киберспортты дамытуға, коворкинг кеңістігі мен көпшілікке арналған кітапхана пунктінде жасөспірімдер клубын ұйымдастыруға, концерттер мен спорт жарыстарын өткізуге болады, -деді Ұлықбек Тналиев.
Брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 2025 жылға дейін 46 мың орындық 24 мектеп құрылысы жүргізілетінін атап өтті.
- Қазіргі уақытта барлық мектептердің жер учаскелері бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілді. Жаңа мектептер үш ауысымды оқуды жоймақ. Себебі, қазіргі таңда 17 мектепте 3,6 мың оқушы үш ауысымда білім алуда. Бұдан бөлек, биыл 2 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 2 млрд. 600 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Жаңаөзен қаласындағы №8, №14 білім ордалары. Ал, ауыл мектептерін жаңғырту аясында ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 400 млн. теңге бөлінді. Алдағы уақытта Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы ауданындағы 21 білім ошағы жөнеделеді ,-деді Ұлықбек Тналиев.
Сонымен қатар, спикер денсаулық сақтау саласына да тоқталды. Айтуынша, биыл аймақтағы туу көрсеткіші өскен. Республикада өңірлер бойынша Маңғыстау көш басына шықты. Ал, сәби өлімі 20%-ға азайған.
Кадр тапшылығы да өзекті күйінде қалып отыр, 228 бірлікті құрайды. Мәселені шешу үшін биыл облысқа 93 дәрігер келген. Оның ішінде жас мамандар – 73, басқа облыстардан – 18, басқа елдерден – 2. Медицина мамандықтарына облыс әкімінің 157 гранты бөлінді.
- Саладағы жағымды жаңалықтың бірі - биыл Жаңаөзен қаласында 175 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Ақтауда 100 төсектік онкология ғимараты құрылысы толықтай аяқталып, іске қосылды. Нәтижесінде науқастардың басқа өңірлерге кетуі азаюда. Бұдан бөлек, облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» ерте араласу және оңалту орталығы ашылды. Биыл Мұнайлы ауданында 150 төсектік аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды. Бұған қоса, облыстың кешенді жоспары аясында республикалық бюджет есебінен лизинг арқылы жедел-жәрдем станциясына 5 реанимобиль сатып алуға келісім-шарт жасақталуда, - деді Ұлықбек Тналиев.
Спорт саласында да жағымды жаңалық көп. Өңірде спортпен айналысатын адамдар саны 30 мыңға өсіп, 306 мыңға жуықтаған. Ал, 13 мыңнан астам бала спорттың 24 түрінен тегін мемлекеттік тапсырыс аясында шұғылданады.
-2022 жылы 30 спорт нысаны халық игілігіне берілді. Бұл бұқаралық спортты дамытуға жасалған қадамның бірі. Нәтижесінде биыл халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде 1412 спорттық іс-шара өтті. Аталған іс-шараларға 130 000 облыс тұрғындары мен қала қонақтары қамтылды,-деді Ұлықбек Тналиев.
Спикер жұмыссыздықты жою шараларына да тоқталды. Жыл басынан бері 20 477 жұмыс орны құрылған. Оның 61,4%-ы тұрақты. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 25 мыңнан аса адам әртүрлі жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, оның ішінде 19 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан.
-Бұдан басқа, жұмыссыздық мәселесіне орай 2021 жылы «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы іске қосылды. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 1,4 млрд. теңге қарастырылып, 827 азамат жұмыспен қамтылды,-деді Ұлықбек Тналиев.