Маңғыстауда Басқұдық ауылының тұрғындары бір айға жуық уақыт бойы тіршілік нәрінен таршылық көріп отырғандығын айтып, шағымдануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Біздің басты мәселеміз - екі аптадан астам уақыт бойы әлі су жоқ. Әкімдіктің өкілдері «МАЭК»-те жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығын айтады. Суды водовозбен тасып, құдыққа құйдырамыз. Құбырдағы су ажырағалы водовозбен су тасу да мүмкін болмай тұр. Тұрғындар тарапынан өтінім өте көп. Кеше жүзден астам адам тапсырыс беріпті. Бүгін кезекке тұрған 136 адамның ешқайсысына су берілген жоқ. Таң атқалы қара суықта кезекте тұрмыз. Үйде бала-шағамыз күтіп отыр. Оларды мектепке жіберу, тамақ істеу керек. Үй мен түздің тірлігінің бәрі қалды. Балабақша да су жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Айман Тоқбаева.
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек қаланың іргесінде орналасқан ауыл әлі күнге дейін өркениет игілігінен ада, ауыл аумағындағы су, жарық, жылу секілді инженерлік желілердің әбден тозығы жеткен, іркіліссіз қызмет көрсетуге жарамсыз. Сол себепті тұрғындар ұзақ жылдар бойы жанып-өшкен жарық пен кестеге сәйкес берілетін су, «өлеусіреген» көгілдір отынның мәселесінің мезі еткендігін мәлімдеді.
«Бүкіл ауыл халқына 4 водовоз қызмет көрсетуде. Амалсыздан үстемеақы қосатын жекеменшік водовоздардың қызметіне жүгінуге тура келеді. Олардың өзі жетістірмейді. Былтыр 4300 текше метр суды 2200 теңгеге алып отырдым, ал биыл бұл баға 2600 теңгеге қымбаттаған. Ал мұндай негізсіз қымбаттау себебін жауаптылар қалай түсіндірмек? Тұрмысы жүдеу отбасылардың жағдайы неге ескерілмейді?»- деп ашынады тағы бір ауыл тұрғыны.
«2011 жылы іске қосылған «Ақбұлақ» бағдарламасының нәтижесін әлі көре алмай келеміз. Он жыл өтті, бәрі сөз күйінде қалды. Халықтың ұсынысы, талап-тілегі мүлдем ескерілмейді. Санамаласақ, мәселе жетіп артылады. Ауыл ішіндегі «ҚазАзот» зауытының құбырынан тарайтын адам ағзасына аса қауіпті аммиактың иісімен де алыстық. Айыппұл салынғанымен, сол бассыздық тағы қайталанып отыр. Жоғары қысымды газдың құбыры ұлы жолдың қақ ортасын кесіп жатыр. Жәдел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері кесіп, өте алмайды. Ауылішілік жолдардың жай-күйі, көше бойларын жарықтандыру жағы да ақсап тұр. Жалпы қоғамдық талқылауға салынбай қабылданған шешімдердің «көзге шыққан сүйелдей» болып халықты әбігерге салатындығы қашан ескерілмек?»,-дейді ауыл белсендісі Нұрлан Қарамұрза
Жауаптылардың сөзіне құлақ түрдік.
«Жалпы Мұнайлы ауданы құбыр суымен қамтылған. Су кезекпен беріледі. Қазіргі таңда «МАЭК»-те жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты «Каспий су тұщыту зауыты» суды тек қала халқына беріп отыр. Ал бізге құбырмен су беру уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда тұрғындардың өтінімі бойынша водовозбен су тасымалданып жатыр. Кеше жүзге жуық рейс жасалды. Бүгін бұл жұмыс жалғасын табады. Мұнайлы ауданында «Маңғыстау Жылу» МКК меншігінде 24 су таситын көлік бар. Бұдан бөлек жекеменшік 15 водовоз бар. Басқұдықта «Маңғыстау Жылу» мекемесінің 4 водовозы су тасумен айналысып жатыр. 4200 мың текше метр суға 2680 теңгеге өтінім береді. Жалпы бір текше судың бағасы 351 теңге. Мендегі ақпарат бойынша сумен жабдықтау жүйесіндегі жөндеу кеше аяқталған, жақын арада іске қосылады. Тұрғындардың өтінімін өңдеу үшін үш-төрт күн уақыт кететіндігін ескеру керек. Шыдамсыздық танытып жатқан тұрғындар жекеменшік водовоздарға тасымал құнын төлеп алып кетіп жатыр»,- дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Өтегенов.
Аудан әкімінің орынбасары Мұнайлы ауданы бойынша электр жарығын таратушы үш мекеме бар екендігін, Маңғыстау ауылындағы қосалқы электр станциясы 1960 жылы салынғандығын, әбден ескіргендігін айтады.
«Қазіргі таңда аудан әкімдігі екі қосалқы электр станциясын салу жобасын жасау үшін конкурсқа ұсынды. Осы айдың 20 күні жобаны жасақтаушы мекеме анықталады. Егер жоба жуық арада жасақталса, Басқұдық ауылдық округіне бөлек қосалқы электр станциясын салу жұмыстары басталып кетеді. Жаз мезгілінде жүктеме ұлғаюына байланысты жарықтың жетіспеушілігі білінді. Жуырда екі қосалқы трансформаторды іске қостық. Тұрғындарға алдын-ала хабарлап, екі-үш сағат ішінде жұмыстарды бітірдік. Күн күрт салқындаған кезде апатты жағдайға байланысты жарық ажыратылды. Басқа кездері жарық үздіксіз беріледі », -дейді аудан әкімінің орынбасары.