Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты өз жұмысын бастады. Аймақтық Саяси Бюро кеңесінің шешімімен облыстық мәлихат депутаты Пания Оңалбайқызы әйелдер қанатының кеңесшісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараның ашылуында облыстық мәлихат депутаты Пания Оңалбайқызы әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлесін айрықша атап өтті.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапаққызының айтуынша, партия жанынан құрылған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді. Кәсіпкер әйелдерге қолдау білдіріп, ғылыммен айналысуына жағдай жасайды.
Соңғы 15 жылда дүние жүзі бойынша әйелдерді ғылымға тарту бойынша көптеген іс атқарылып жатыр. Осы орайда Жақсыгүл Маханбетова ғалым әйелдердің үлесіне тоқталды.
«Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша ғалым әйелдердің үлес салмағы басымырақ. Қазақстанда соңғы уақытта ғалым әйелдердің қатары көбейіп келеді және елімізде барлық жағдай жасалған», - деді ол.
Аймақтағы саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және т.б салаларда табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер, көпбалалы аналар қауымымен өткен басқосу еркін пікір алмасуға ұласып, түрлі ұсыныс-тілек айтылды.