Маңғыстау облысы ТЖД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері СОБР және патрульдік полиция ротасының қызметкерлерімен бірге «Браконьер» жедел-алдын алу шарасы өтті. Шара аясында Ақтау-Форт-Шевченко тас жолының 39 шақырымында «Мазда» автокөлігі тоқтатылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицейлер көлікті тексеру барысында он бекіре балығын тәркіледі. Тәркіленген балықтың салмағы - 45 келі 650 грамм.
Полиция қызметкерлері 34 жастағы азаматты ұстады. Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.