Ақтауда жолдың екі жағына да жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамды және жол қиылыстарындағы бағдаршам бағаналарына қайталама бағдаршам көзін (дублирующий) орнату жұмыстары басталды. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев жүргізіліп жатқан жұмыспен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы қала бойынша 71 жол қиылысы және 15 жаяу жүргінші өтпесі бағдаршаммен реттеледі. Аталған бағдаршам нысандары қайталама бағдаршаммен және кейбір жол қиылыстарындағы жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршаммен толық жабдықталмаған. Осыған сәйкес, жол қиылыстарындағы қайталама бағдаршам және жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамды орнату бойынша мердігер мекемемен келісім-шарт жасақталды. Қала әкімі қайталама бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдарды орнату жұмысын қадағалап, аталған бағдаршамдар қала тұрғындарының жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігін айтты.
-Жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі қаладағы жол қиылыстарында қосымша қайталама бағдаршамын және жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдарды орнату жұмыстары. Ақтау қаласы бойынша 120 дана қосымша қайталама бағдаршамын және кейбір жол қиылыстарына 150 дана жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қала тұрғындарының жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Жауаптылардың айтуынша, қайталама бағдаршамдар және жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар қаладағы адамдар көп жүретін жерлерде орнатылады. Аталған жұмыстар қараша айының соңына дейін жалғасады.
Сонымен қатар, қала әкімі «Халық қатысатын бюджет бағдарламасы» бойынша көтермелі жаяу жүргіншілер өтпесінің жұмысымен де танысты.