Маңғыстау станциясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері химиялық апатты жою бойынша тактикалық оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оқиға бойынша, темір жол бойындағы цистерналардың бірінен тұз қышқылы төгіледі. Полицейлер оқиға болған жерді қоршауға алды, сосын өрт сөндіру қызметі келді. Құтқарушылар төтенше жағдай орнында улы заттардың таралуына жол бермеу шараларын қабылдады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары төгілген жерден топырақтың сынамасын алды. Апатты жоюға көлік прокуратурасы мен N29011 әскери бөлімінің қызметкерлері де атсалысты.
Тактикалық оқу-жаттығуға барлығы 32 адам мен 9 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
«Іс-шара әртүрлі бөлімшелердің іс-әрекеттерінің үйлесімділігін тексеруге және осындай жағдайларда туындауы мүмкін проблемаларды шешуге бағытталған», - деді Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Рәтбек Демеуберген.