Маңғыстау облысының прокуратурасы 245 млн теңгеге «Металл илегін өндіру цехын ашу» жобасының инвесторы «Hadid-TD» ЖШС-нің құқығын қорғады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жоба аясында инвесторға уақытша өтеусіз пайдалануға заттай грант ретінде жер учаскесі берілді.
Алайда, инвестор инвестициялық міндеттемелерді орындағанына қарамастан (құрылыс-монтаждау жұмысын аяқтаған, 30 астам жұмыс орындарын құрған), жергілікті атқарушы орган ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 288-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды бұза отырып, жер учаскесін одан әрі инвестордың меншігіне беруден бас тартқан.
- Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жоғарыда аталған жер учаскесі (құны 43 млн теңге және көлемі 5 га) инвесторге жеке меншікке беріліп, уәкілетті органның кінәлі тұлғасы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Құрметті инвесторлар, инвестициялық жобаны орындау барысында қиындықтарға тап болсаңыз, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін мобильді топқа хабарласуға болады. Байланыс нөмірі - 8 775 806 50 95, - деді Маңғыстау облысының прокуратурасы.