Маңғыстауда арнайы рейд кезінде жезөкшелікке қатысы бар 66 адам ұсталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД-не сілтеме жасап.
Желтоқсан айының 1-3 күндері аралығында өткізілген "Стоп трафик" ЖПІШ барысында Маңғыстау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен интимдік қызмет көрсетумен айналысқан 58 азаматша мен 8 ер адам (жезөкшелер, транссексуалдар және боди-массажистері) анықталып отыр. Олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-тің 449, 492-баптары бойынша жауапкершілікке тартылды.
Жезөкшелікпен айналысу мақсатында тұрғын жайды жалға бергені үшін 4 азаматқа қатысты (тұрғын жайдың меншік иелері) ҚР ӘҚБтК-тің 450-бабымен хаттамалар жасақталып отыр.
Маңғыстау облысы полиция департаменті тұрғын үй-жайларды жалға берумен айналысатын жеке кәсіпкерлерге және риэлторлық қызмет көрсететін ұйымдарға ескертеді: жезөкшелікпен немесе жеңгетайлықпен айналысуға арналған үй-жайларды ұсыну ҚР ӘҚБтК-тің 450-бабында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады және 300 мың теңгеден астам айыппұл көзделген.
Мұндай мақсаттағы жұмыстар полиция қызметкерлерімен тұрақты түрде жүргізілетін болады.