"AMANAT” партиясы жанынан төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары Бейнеу ауданына барды. Алдымен аудан әкімімен кездесіп, Бейнеу ауданындағы эвакуациялау жұмыстары мен тұрғындарды орналастыру жоспарларымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгінгі күні ауданда эвакуацияланған тұрғындардың саны 19 мыңнан асқан. Аудан әкімі нақты жоспарларымен бөлісіп, бүгінге дейінгі жасалған жұмыстардың аз емес екенін айтты.
- Аудан тұрғындары қонақжайлылық танытып, келген қонақтарды жылы қарсы алып жатыр. Әлі де келіп жатқан жылыойлықтар бар. Оларды да барынша орналастырып, қолдан келген көмек қолын созуға дайынбыз, - деді аудан әкімі Рақымжан Шалбаев.
"AMANAT” партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев бастаған топ эвакуацияланған тұрғындар орналасқан орындарға барып, құлсарылықтармен тілдесті. Олар көрсетілген көмекке алғыстарын білдіріп, әр қазаққа ризашылығын білдірді.