«Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес компаниялары орналасқан өңірлердің ішінде Қордың қайырымдылық қаржысының 10 пайыздан астамы өткен жарты жыл ішінде Маңғыстау облысына бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жыл басынан бері 6 айдағы жұмысты қорытындылаған баспасөз мәслихатында компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева биылдан бастап 70/30 тәсілі аясында 10 млрд теңге қайырымдылық бюджетінің басым бөлігі Қордың компаниялары бар аймақтарға қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Осы орайда мұнай-газ саласымен қатар өзекті мәселелері де шоғырланған Маңғыстау облысында ағымдағы жылы құны 722 миллион теңгеден астам әлеуметтік жобалар Қор тарапынан қолдау тапқан.
«Біздің мақсат, аталған тәсіл арқылы барша халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсарту. Бүгінгі таңда 1 миллиард 800 миллион теңгеге жалпы елді қамтитын 10 жобаны мақұлдасақ, 17 жобаға арқау болған 2 миллиард 600 миллион теңгені Қор кәсіпорындары бар өңірлерге және жаңа облыстарға тікелей бағыттадық», - деп атап өтті Альфия Адиева.
Жобалар қатарында мемлекеттік тілді қолдау, әлеуметтік және медицина, еңбек қатынастарын дамыту, медиа, мәдени қоғамдастық пен адам әлеуетін дамыту секілді маңызды салалар қамтылуда. Мәселен Жаңаөзен жастарын қолдау мақсатында ондағы 170-тен астам жоғары сынып оқушысы «Жарқын болашақ» жобасы шеңберінде еліміздің 9 аймағындағы 40-қа жуық техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен мектеп-интернаттарында оқуға стипендиямен және гранттармен қамтамасыз етілсе, жаңаөзендік тағы 50 баланың Бурабайдағы «Айқанат» мектебінде 10-11 сыныптарда сапалы білім алуына жағдай жасалды.
«Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығына орай, Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылының халқына қазіргі заманға сай 21 спорт-ойын алаңы тарту етіліп отыр.
Сондай-ақ, былтыр ғана мұнайлы мекенде Қор атынан сәбилер өмірін құтқаратын гипотермия жабдығы табысталып, Жаңаөзендегі бірден 3 мектепке интерактивті тақталар мен жиһаз жеткізілген. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында бейімделген спорт түрлерінен 6 топ тегін қызмет көрсетіп жатыр.
Алдағы уақытта облыс орталығы Ақтау қаласында жұмыс істеп тұрған оңалту орталықтарынан тыс, аутизмі бар балаларға арналған жаңаорталық іске қосылмақ. Жалпы 2016-2023 жылдар аралығы Маңғыстау өңірінде 4,5 млрд теңгеге 40-тан артық әлеуметтік жоба қолдау тапқан көрінеді.