Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Медет Абуғалиев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Банкте өтінімдерді қабылдау басталып кетті.
- Өтінімдерді Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) 25 сәуірден бастап жолдауға болады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі екі ай, 30 маусымға дейін жалғасады. Алғашқы жарна - 20%-дан басталады және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме 7 пайыз. Қалған азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 9 пайыз. Несие мерзімі 19 жылға дейін беріледі, - деді Медет Абуғалиев.
«Наурыз» бағдарламасына барлық адам қатыса алады.
Банктің Маңғыстау облыстық филиалының директорының орынбасары Марьяш Нургалиеваның айтуынша, бағдарламаға қатысу туралы өтінім беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет.
“Отбасы банкінде депозит ашу қажет. Банктегі жинақ шотында кемі 1 млн теңге қаражаттың болуы керек. Бұл соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға болады. Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің болмауы тексеріледі. Егер қатысушы некеде болмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоғы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарының атында тұрғын үйдің бар-жоғы тексерілмейді. Соңғы 6 айда ресми табыс болуы керек. Бағдарлама 8 жылға арналған”, деп атап өтті ол.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысушы пәтерді Баспана маркет порталынан таңдап, брондап, сатып ала алады (otbasybank.kz). Басқада сұрақтар туындаған жағдайда +7 (727) 279 35 11 хабарласа алады.