Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда. 2023 жылы өңірде 15 576 бала дүниеге келген. Оның 8098 ұл, 7478 қыз бала. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2023 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылау жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров, басқарма басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, басқарманың бөлім басшылары және өңірдің бас дәрігерлерінің қатысуымен аппараттық жиын өтті.
Басқарманың "Ана мен бала" денсаулығын қорғау бойынша бөлім басшысы Абзал Сырым 2023 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.
- Облыс бойынша 0-18 жас аралығындағы балалар саны 329 407. Неонаталды хирургия көрсеткіштері бойынша ота жасалған нәрестелер саны-37. Облыс бойынша балаларға қызмет көрсететін 9 стационарлық ұйым бар. Олар, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу аудандық ауруханалары, Боранқұл аудандық ауруханасы, Жетібай ауылдық ауруханасы және «Арчимед» ЖШС,-деді басқарманың "Ана мен бала" денсаулығын қорғау бойынша бөлім басшысы Абзал Сырым.
Айта кетейік, бүгінде облыста босандыру қызметін көрсететін 9 перзентхана бар. Олар, Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы және Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу аудандық ауруханасы, Жетібай ауылдық ауруханасы мен жеке меншіктегі "Ерке мед" клиникасына қарасты босандыру үйі бар.
- Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша көш басында. 2023 жылы 15 576 бала дүниеге келген. Оның 8098 ұл, 7478 қыз бала. Облыс бойынша кадрмен қамтылу мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бүгінде өңір бойынша акушер-гинекологтар саны 104, анестезиолог реаниматологтар 48, неонатологтар саны 38 құрайды. Өңір бойынша барлық стационарларда 69 стационарда акушер гинеколог бар. Оның 60-қа жуығы кесер тілігін меңгерген,-деді Абзал Сырым.
Басқарманың экономика және жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, материалдық-техникалық базаны дамыту бөлімінің басшысы Кама Заханова 2023 жылы атқарылған жұмыстары туралы айтты.
- Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау» бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ауылдық жерлерге жұмысқа келген 31 медициналық қызметкерге бір жолғы әлеуметтік көмек берілді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында ауылдық денсаулықты жаңғырту жобасы бойынша басқармаға қарасты барлығы 17 мемлекеттік мекемеге 285 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Оған қоса аудандық ауруханаларға 13 дана санитарлық автокөліктер сатып алынды,-деді басқарманың экономика және жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, материалдық-техникалық базаны дамыту бөлімінің басшысы Кама Заханова.
Жиын соңында басқарма басшысы Бекболат Ізбасаров басқарманың жауапты мамандарына және облыстың бас дәрігерлеріне нақты тапсырмалар жүктеді.