Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев пен Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин Қостанайда 9 қараша күні басталған «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» атты Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында қос облыстың көпбағытты серіктестік кеңістігін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Форумға бейне-конференц-байланыс режимінде екі елдің президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысты.
Өңіраралық бизнес секторларының басым бағдарлары мен әлеуеті бағамдалған алаңда бизнес, салалық мемлекеттік органдар мен ведомстволар және ғылыми топ өкілдері, екі ел өңірлерінің басшылары бас қосып, маңызды мәселелерді талқыға салды.
Форум аясында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Шекаралас өңірлердің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелері, оның ішінде ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды, АӨК-дегі көлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығы жобаларын техникалық сүйемелдеу талқыланды.
Іскерлік кеңестен басқа үш панельдік сессия ұйымдастырылды: «Қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «АӨК-дегі цифрлық технологиялар», «Жастар және ауыл шаруашылығы: білім берудегі жаңа трендтер».
Аталған форумға облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев бастаған Маңғыстау облысының делегациясы қатысты. Оған салалық мемлекеттік органдардың басшылары мен өңірдің кәсіпкерлері кірді.
Жұмабай Қарағаев пен Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин Маңғыстау және Астрахан облыстары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды. Ол ынтымақтастықтың жеті бағыты бойынша бірлескен шараларды іске асыруды көздейді. Бұл сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық саласы, кәсіпкерлік пен туризмді қолдау, өнеркәсіп, көлік және құрылыс индустриясы саласы. Сонымен қатар, жоспарға ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым салалары кіреді. Білім беру және жастар саясаты, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласы сияқты бағыттар бар.