Семейде жасөспірімдер арасында қазақ күресінен өткен Қазақстан чемпионатында Маңғыстау балуандары 4 алтын иеленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде Маңғыстау облысының атынан қатысқан 65 келіде Сұлтан Баймұрат, 82 келіде Сайын Жасұлан және қыздар арасында 65 және +65 келіде апалы-сіңлілі Ұлдана мен Әлия Қожаназаровалар жеңістің биік тұғырынан көрінді.
65 келіде күрескен Сұлтан Баймұрат финалда Қызылорда облысының балуаны Мирас Жұмақожадан басым түссе, Сайын Жасұлан финалда Жамбыл облысының балуаны Кемелбек Сабырбектен айласын асырды. Сонымен қатар, 52 келіде Бимырза Құрмағазы қола жүлдені қанағат тұтты.
Қыздар арасында 65 келіде финалға шыққан Ұлдана Қожаназарова финалда қызылордалық Гүлнұр Абайды сан соқтырды. Ал аса ауыр салмақтағы Әлия Қожаназарова тағы бір маңғыстаулық балуан Гүлдана Теңелбаеваны ұтты. Бұдан бөлек, 56 келіде Гүлназ Алтыбай күміс, 40 келі салмақта Кәмила Алтыбайқызы, 48 келіде Ділдә Тастайбек пен 52 келіде Шұғыла Бүркітбай қола жүлдегер атанды.
Семейдегі «Арена» спорт кешенінде өткен ел біріншілігінде Маңғыстау облысының балуандары 10 жүлде иеленіп отыр. Чемпионат барысында топ жарған спортшылар алда Азия чемпионатына қатысады деп жоспарланған.