Биыл қыстың алғашқы айында-ақ ақтаулықтар жылу мәселесімен бетпе-бет келді. Тұрғындар Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм-чатына жылумен жабдықтау жүйесіне қатысты толассыз шағымдарын жолдады. Осыған орай mangystaumedia.kz сайтының редакциясы мәселенің мән-жайын зерделеп көрді.
Жаңа жылдың желтоқсанында Ақтауда күн суытып, үскірік аяз орнады. Қытымыр аяздың қысымына шыдай алмай, қалалық жылумен жабдықтау жүйелерінде ақау орын алып, тұрғын үйлер жылусыз қалды. Өз пәтерлерінде жылусыз жаураған жұрт электр қондырғыларымен жан бағып, қат-қабат киіммен жүруге мәжбүр болды.
Осы тұста тұрғын үйдегі әр пәтерде жылу деңгейі әр түрлі екендігі анықталды. Жылу қуатымен жабдықтау ұйымдарының қызметкерлері бірнеше күн бойы орын алған ақаудың салдарын жойып, себебін нақтылауға жұмыстанды. Нәтижесінде қаланы жылумен жабдықтау қуатының жетімсіздігімен қоса тұрғын үйдегі жылу желілерінің теңгерімсіздігі
анықталды.
- Желтоқсан айында тұрғындардың өтінішіне сәйкес 80-ге жуық пәтердің жылу жүйесі тексерілді. Мысалы, 12-шағынаудандағы үйлерде жылу тораптарының айналымынан ақау табылды. МАЭК-тен жеткізілген жылу желілердегі теңгерімсіздіктен пәтерлерге жетпей тұрған. ПИК, МИБ және КЖСА секілді қызмет көрсету ұйымдары тұрғын үйлерге айналым сорғыларын орнатқаннан кейін жағдай тұрақталды. Кейбір үйлерде бұрын орнатылған сорғылардың қызметі реттелмегендігі анықталды. Осы тұста МИБ жетекшілері арнайы мамандар болмаса, оларды келісімшарт негізінде жұмысқа қабылдау қажеттігін ескеруі керек. 12-шағынаудан бойынша кейбір үйлердің тұрғындарының берешегі 1 млн 200 мың теңгеге дейін жетеді. Берешегі болғандықтан тиісті ұйым тарапынан сапалы қызмет көрсетілмейтіндігін де ескеру керек , - деді "Каспий жылу, су арнасы "МКК директорының орынбасары Ислям Үсенов.
Жылу тораптарын жөндеу жұмыстарын "Каспий жылу, су арнасы" МКК және ПИК, МИБ қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді.
-27-37 үй тұрғындары тарапынан шағымдар өте көп болды. Пилоттық жоба ретінде біз АТП - автоматты жылу пунктін орнатып, жұмысын реттедік. Нәтижесінде үйге жылу мен ыстық су кедергісіз келіп тұр. Сонымен қатар, тұрғындар артық шығыннан арылып, қызып кету қауіпінен сақтанады, қысым теңгерімі де тұрақталды. Жаңа ғимараттарда АТП-лардың қызметін де реттеу керек.
Осы тұста тұрғындарға ескертер жайт - егер пәтерде жылу болмаса немесе ішінара болмаса , бірінші кезекте қызмет көрсететін ПИК мен МИБ ұйымдарына хабарласуыңызды сұраймыз. Қажет болған жағдайда ғана біздің тарапымыздан көмек көрсетіледі , - деді Ислям Усенов.
Жылу тапшылығын төмендету мақсатында қала аумағында блокты-модульдік қазандықтар орнатылуда. Мұндай қазандықтар бірнеше шағын аудандарда жылу жетіспеушілігі мәселесін шешеді. Қазандықтар қазірдің өзінде 33, 28а-шағынаудандарында орнатылып, жұмыс істеп тұр. 13, 15 және 17-шағынаудандарда жуырда іске қосылады
Пәтерлерде жылудың болмауының екінші себебі-пәтер иелерінің жылумен жабдықтау құрылғыларын өз еркімен алмастыруы. Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының хабарлауынша егер пәтер иесі батареяларды өз еркімен, ешкімнің рұқсатынсыз ауыстырса немесе қосымша бөліктер жалғар болса, инженерлік желілерді бастапқы күйіне қайтаруға мәжбүрлеу мәселесі сот арқылы шешілуі қажет.