© Turkystan.kz
Бұл жөнінде Онды ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Көшен айтты. Оның сөзінше ауылдағы мал дәрігерлері мінетін көліктер ескі, көбі жарамсыз күйде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген әлемдік қағида бар. Біз мал дәрігерлеріне жағдай жасауымыз қажет. Ал қазір ветеринарлар жаяу жүр. Мұны реттемесек, малдан жаппай жұқпалы ауру тараса, біз уақытында дайын болмай қалуымыз мүмкін, - дейді Қаржаубай Көшен.
Ал өңірдің ауыл шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев ауылдық округтерге таяуда 47 қызметтік көлік берілетінін айтып отыр.
- Әкімдіктегі мамандар қазір ветеринария саласына көлік алу үшін демеушілермен келіссөз жүргізіп жатыр. Жоба сәтті жүзеге асып, көліктер сатып алынса бірден табыстаймыз, - деді Бердібек Марқабаев.
Бұдан бөлек Маңғыстау облысындағы ветеринарлар мен көмекшілерінің еңбекақысына үстеме ақы қосу керек дейді Қаржаубай Көшен. Қазір олардың жалақысы 150-200 мың теңге көрінеді.
- Мұндай еңбекақымен біз жас мамандарды ұстап тұра алмаймыз. Бұл болашақта күрделі мәселеге айналуы мүмкін, - деді Онды ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ардагер Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласының тәжірибесін қолдануды ұсынып отыр. Өйткені ол өңірлерде сирек кездесетін мамандардың жалақысы 300 мың теңгенің төңірегінде екен. Сондықтан ол ветеринария саласының мамандарына өңір бюджетінен заңға сай үстеме ақы беруді ұсынды.
- Былтырдан бері бұл саланың қызметкерлерінің жалақысы 25 пайыздан көтеріліп жатыр. Алдағы екі жылда жалпы тағы 50 пайызға өседі, - дейді Бердібек Марқабаев.
Махаббат Нұржанқызы