Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында «Қызыл орамал» тарихи драмасының түсірілімі жүріп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Фильмде негізгі сюжет ретінде 1931 жылғы ашаршылық кезінде іргелес Түрікменстан еліне көшуге мәжбүр болған қазақ отбасының тағдыры суретеледі.
Фильмнің сценарийі атадан балаға айтылып келе жатқан әңгімелер мен тарихи кітаптарға негізделген. Картинаның режиссері - Қанат Майлыбай.
Түсірілімге Мұрат Қожа секілді елімізге танымал әнші, әртістер те қатысады. Бірақ шығармашылық топтың негізгі құрамы – әуесқой әртістер.
«Мен Маңғыстау облысының мәдениет басқармасына түсірілім жұмыстарын ұйымдастыруға, киіз үй мен басқа да декорацияларды іздеуге қолдау көрсеткені үшін ризашылықпен алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театры бізге фильмге қажетті костюмдермен көмектесіп жатыр. Фильмнің премьерасы қыркүйек айында болады. Сонымен қатар көрермендер бұл фильмді YouTube бейнехостинг платформасынан көре алады», - деді фильмнің режиссер Қанат Майлыбай.