2023 жылдың 11 тамызында Маңғыстау облыстық сотында өткен сот отырысында судья Руслан Қабиев «ӨМГ» компаниясында лауазымды қызмет атқарған Бауыржан Мәмбетсапаевты үй қамаққа шығару өтінішін қанағаттандырусыз қалдырып, прокурордың «күзетпен ұстау» жөніндегі өтінішін қанағаттандырды. Ашық сот отырысына редакциямыздың тілшісі қатысып қайтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ашық сот отырысына мемлекеттік айыптаушы – прокурор, екі қорғаушы, хатшы және күдіктінің туыстары қатысты.
Алғашқы сот отырысында қорғаушы Радик Өмірболат сотты судья Руслан Қабиевтің жүргізуіне қарсылық білдірді. Қорғаушының сөзінше мұндай соттарды тергеу судьялары жүргізуі тиіс. Алайда, бір сағаттық үзілістен соң сот отырысын Руслан Қабиевтің өзі жалғастырды.
Сот барысында қорғаушы бір азаматты заңсыз қызметке алып, 20 миллион теңгеден астам шығын келтірді деген күдікпен Мәмбетсапаевты қамауда ұстау бұлтартпау шарасын негізсіз деп санайтынын айтты.
Одан бөлек тергеуші Габбасов күдіктіні «күзетпен ұстау» туралы бұлтартпау шарасын үш ай мерзімге ұзарту туралы қаулысын заңды уақытынан кеш бергеніне наразы. 2 ай мерзімге қамалған Мәмбетсапаев 2 тамыз күні үй қамаққа шығуы тиіс болған.
Сондай-ақ қорғаушы Мәмбетсапаев заңсыз қызметке орналастырды деген күдікпен тергеліп жатқан азаматтардың экономикалық сот сараптамасының қорытындысын күту – күдіктіні қамауда ұстау шарасына негіз болмайтынын айтады.
- Қылмыстық процессуалдық Кодексі 136-бабының 1-бөлігі бойынша «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын созуға немесе қолдануға нақты дерек болуы тиіс. Ал тергеушілердің қаулысында нақты дәлел мен айғақ жоқ. Тергеушілер Мәмбетсапаев өзі қызметке орналастырған азаматтың жалақысын қалтасына салып отырды деген күдікке 2 ай ішінде ешқандай дәлел таппады. Екі күдіктінің де есепшоттарын түгел тексерді, бәрі таза. Ал қызметке орналасқан азамат 2021 жылдан бері өзіне міндеттелген қызметті атқарғанын айтып, оның есебін де көрсетіп отыр. Сол себепті біз Бауыржан Мәмбетсапаевты қамауда ұстауға бір де бір негіз жоқ деп есептейміз, - дейді Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Радик Өмірболат.
Ал сот отырысында сөз алған прокурор Рамазан Болатұлы күдіктіні ауыр қылмыс жасағаны үшін «күзетпен ұстау» керек екенін айтты. «Өйткені күдікті Мәмбетсапаев бостандықта жүріп қашып кетуі мүмкін» деген уәж келтірді.
Ал қорғаушы Радик Өмірболат прокурордың дәл осы негізбен күдіктіні қамауда ұстау туралы өтініші заңсыз екенін айтып отыр. Өйткені мұндай негізбен қамауда ұстау үшін прокуратура тарапынан сотқа нақты дәлелі бар құжат тапсыруы тиіс. Адвокаттың сөзінше мұндай құжаттар тапсырылмаған.
Айта кетейік Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «ӨзенМұнайГаз» АҚ Бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаевты ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұстаған еді.
Махаббат Нұржанқызы