ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бекітілген кестеге сәйкес электр стансаларында 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланғанын баяндады. Бүгінгі таңда 5 энергоблок, 23 қазандық және 20 турбинада жұмыстар жүргізілсе, 4 энергоблок, 17 қазандық және 13 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы шамамен 25,3 мың шақырымды құрайтын электр желілерін, 567 қосалқы стансаны, сондай-ақ 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 22,7 мың шақырым электр желілері, 514 қосалқы станса, 3 466 тарату пункті мен трансформаторлар бойынша жұмыстар аяқталды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Премьер-Министрге МАЭК-тегі жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Үкімет басшысы МАЭК-те №3 энергоблокта жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылып, бүгінде №2 энергоблокты апаттық жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты.
«Өткен аптада мен Маңғыстау облысында болып, МАЭК-тегі жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым. Өңір әкімдігі жөндеу жұмыстарының аяқталуы мен кәсіпорынның тұрақты жұмысын ерекше бақылауда ұстауы қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, өңірлердегі жылу желілерін реконструкциялау барысын да тұрақты бақылауда ұстау қажет. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жылу желілері бойынша жұмыстардың шамамен 70%-ы орындалды.