© Фото интернеттен алынды
Маңғыстауда тұрғындар арасында құс тұмауы тіркелмеді. Десе де Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды аурудың алдын алуға және одан сақтануға шақырады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Құс тұмауы көбінесе суда жүзетін, ұшып келетін жабайы үйректер таратады. Ал үй құстары, тауық, күрке тауық, қаз және үйрек тез жұқтырып алады. Кейбір жағдайда ауру құстардың еті мен жұмыртқасын жеткілікті термиялық өңдеуден өткізбей, пайдаланған кезде адамға жұғуы мүмкін.
- Аурудың басталуы катаральды белгілер, яғни, қалтырау, бұлшықет және буын аурулары, дене температурасының 39°C-қа дейін жоғарылауымен жедел өтеді. Жүйке жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының зақымдану белгілері байқалады. Олар диарея, құсу, іштің ауыруы түрінде көрінуі мүмкін. Инфекция вирустық пневмонияның дамуымен, бауырдың, бүйректің, қан құрушы органдардың зақымдалуымен қиындауы мүмкін, - дейді Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Құс тұмауының алдын алу үшін төмендегі шаралар қажет:
1. ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген құс етін және құс өнімдерін, сондай-ақ рұқсат етілмеген сауда орындарында сатып алмау;
2. құстардың еті мен жұмыртқасын мұқият термиялық өңдеуден өткізу,
3. құс етінен жасалған ет пен жартылай фабрикаттарды тоңазытқышта басқа өнімдерден бөлек сақтау керек;
4. үй құстарымен және жабайы құстармен тығыз байланыста болмау;
5. зардап шеккен аймақтардан жұмыртқа мен құс шығаруға тыйым салынады;
6. үй құстарын жабайы құстармен араластырмай, бөлек қамауда ұстау қажет. Жаңа түскен құстарды 10 күн оқшаулап, жағдайын бақылауда ұстау.
- Құстардан ауру белгілері мен өлген құстарды байқағанда тез арада мемлекеттік ветеринарлық қызметке хабарлауы қажет. Үй құстарын ұстайтын қораларда міндетті санитариялық жағдайларды – әрдайым тазалау, зарарсыздандыру шараларын қамтамасыз ету маңызды. Құстарды бағуға арнайы бөлінген киім мен аяқ киімдерді қолдану, оларды тазалап, жуып отыру керек. Құстарды қоректендіруге тек сапалы және қауіпсіз жемдерді қолдану, құстардың жеміне және қоректендіргенде синантропты құстардың (торғайлар, көгершіндер) қонуына жол бермеу керек. Сонымен қатар Маңғыстау облысының тұрғындары мен қала қонақтарына Қаракөл көліне бармауды ұсынамыз - деді мамандар.