Ақтауда Әзербайжанның сауықтыру туризмінің дамуына арналған форум өтті. Қатысушылар көрші елдегі көптеген шипажайлардың мүмкіндіктерімен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Нафталан мұнайының бірегей қасиеттері көптеген ғылыми зерттеулермен, бұл жайлы науқастардың пікірлерімен расталған. Мұндай қасиетке ие мұнай әлемнің ешбір жерінде жоқ. Ал Әзербайжанда нафталан көмірсутектері әртүрлі ауруларды емдеу үшін қолданылады - ол тері ауруларын, тірек-қимыл аппаратының ауруларын, тіпті бедеулікті емдейді.
«Мен сауықтыру орталығында 20 жыл жұмыс істеймін, нафталан мұнайымен емделгеннен кейін адамдардың басынан өткен көптеген кереметтерді көрдім. Біраз елдерде презентациялар өткізіп, ғылыми зерттеулерді әкелдік. Қазір бізде орталықта 400 төсек орын бар, 34 елден адамдар келеді, яғни жылына орта есеппен 2,5-3 мың адам. Соңғы жылдары Қазақстаннан науқасына ем іздегендер көптеп келуде. Қазір сауықтыру орталығында 15 қазақстандық азамат емделіп жатыр. Шағын бағаға орталыққа келіп, екі апта ішінде толық емделу курсынан өтуге болады. Бағаға - жатын орын, тамақтану, физиотерапия, массаж, түрлі нафталан ванналары кіреді және олардың әрқайсысының өзіндік әсері бар», - дейді “Нафталан” сауықтыру орталығының директоры Ильгар Гусейнов.
Нафталан - небәрі 10 мың тұрғыны бар шағын қала, қала мәртебесін 1967 жылы алған.
«Нафталан – халықаралық туристік орталыққа айналды. Соңғы бір жылда мұнда 35 мың турист келді - бұл бүкіл қала тұрғындарынан үш есе көп. Оның үстіне 30 пайызы басқа елдерден келген қонақтар. Қазақстан үздік үштікке енді», - деп атап өтті Нафталан қаласының атқарушы билігінің қызметкері Тамара Гасанова.
Термалды бұлақтар, детоксикация терапиясы, бірегей физиотерапия, нафталан - бұл форумда ұсынылған процедуралардың тек жартысы ғана.
Қазір ол елде медициналық туризммен қатар жалпы туризм де қарқынды дамып келеді.
«Әрбір туристке тек елордамен ғана емес, өңірлермен де танысуға мүмкіндік беретін Жол картасы әзірленді. Қарабағта туризм инфрақұрылымы да жетілдіріліп жатыр. Өткен жылы Әзербайжанға 3,5 миллион шетелдік турист келсе, биыл біз 5,5 миллион туристерді қабылдауды жоспарлап отырмыз. Олар негізінен Орталық Азиядан келеді. Қазір Еуропа елдерінен, Жапониядан және Қытайдан туристер ағыны да көп», - деді AZE Turizm туристік агенттігінің қызметкері Анна Мамедова.