Жыл сайын мерекелік суға түсу рәсіміне 2000-ға жуық адам қатысады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласы Благовещенский шіркеуінің басшысы, протоиерейі Сергей Понич айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, суға түсу рәсімі 2 күнге созылады. Қазақстан бойынша 18-19 қаңтар аралығында аталып өтетін мерекеге жыл сайын қатысатындар саны артып келеді. Бұл рәсімге қатысу үшін арнайы дайындық қажет емес. Діни рәсімді «Ұлы мұхит» деп те атап жатады.
Осы жылы «Шоқыну» мерекесі 4 шағынауданда, «Карвон» ғимаратына қарама-қарсы теңіз жағалауында өтеді.
Әлемнің 145 мемлекетінде тойланатын бұл мейрамның негізгі мағынасы - сенімге сәйкес бұл күні қасиетті суға түскен адам барлық күнә мен сырқаттан айығады. Шіркеу қызметкерлері де бұл мерекені асыға күтеміз. Ешқандай алдын- ала дайындықты талап етпейді. Алайда, бұл ретте Шоқыну мерекесінде мұзды суға түсетіндер үшін сақтық шаралары қарастырылған,- деді Сергей Понич.
Шоқыну рәсімі барысында ТЖ департаменті судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Шоқыну рәсімі кезінде халық суық суға түспес бұрын кішкене денені жылытып, физикалық жаттығулар жасау керек, ыңғайлы, тайғанақ емес және тез шешілетін аяқ-киім кию керек, ағзаның суып кетпеуін болдырмау үшін мұздай суда 1 минуттан артық болмау қажет. Шомылғаннан кейін сүлгімен сүртініп, жылы құрғақ киім киіп, ыстық шай ішу қажет.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы подполковник Демеуберген Рәтбек осы жұмада, яғни 19 қаңтардан бастап іс-шара өткізілетін жерде қауіпсіздік бекеттері мен құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша жедел-құтқару жасағының жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген түріне ауыстырылатын болады. Ал, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖ департаментінен 32 адам, 8 бірлік техника бөлінетін болады. Ол ең бастысы, құтқарушылардың және дәрігерлердің, кезекшілігі ұйымдастырылған арнайы жабдықталған орындарда суға түсу керектігін айтты.