Қарақия ауданының орталығы Құрық кентінде «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту құралы бойынша «Киіз басу» курсы өтіп жатыр. Киіз басу шебері Жаңагүл Жапарова 10 әйел адамға дәріс өткізуде. Әйелдер курстан киіз басудың екі әдісін үйреніп, оны бояуды меңгеріп шығады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, киіз басу шебері Жаңагүл Жапарова курсқа қатысушыларға ылғал киіз басу, құрғақ киіз басу әдістері туралы айтып, бұл салада қандай техникамен жұмыс істейтіні туралы таныстырған.
«Техникалық қауіпсіздік бойынша нұсқама беріп, калькуляцияны қалай есептеу керек екенін үйретіп жатырмын. Бұл курсқа қатысушылар киіз басуды үйреніп қана қоймай, жасаған өнімдерін қандай платформада сатуға болатынын да үйренеді, - дейді Жаңагүл Жапарова.
Сондай-ақ курс тренері қатысушыларға мемлекеттік грант алудың жолдарын айтады. Курс үш күнге созылады.
Айта кетейік, «Мен – кәсіпкер» жобасы Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдіктің бірлескен жобасы.